«ЗАМАНАУИ БАСШЫ: ТАБЫС ФОРМУЛАСЫ» » Сш ми Абая
Жамбыл облысы
Жамбыл ауданы білім бөлімінің
"Абай атындағы орта мектеп"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72636) 43-50-93
Есепші бөлімі:
+7(72636) 23-11-37
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » «ЗАМАНАУИ БАСШЫ: ТАБЫС ФОРМУЛАСЫ»
01
июнь
2022

«ЗАМАНАУИ БАСШЫ: ТАБЫС ФОРМУЛАСЫ»

«ЗАМАНАУИ  БАСШЫ: ТАБЫС ФОРМУЛАСЫ»

       Сисенғалиев Қайржан Самиғуллаұлы

       Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы

       Жамбыл ауданы білім бөлімінің 

       Абай  атындағы  орта  мектебі   КММ-нің 

       директоры


                      «Мектеп бүкіл жұртшылықты дамытуды мақсат етеді»

(Big Piсture Learning мектебінің қағидасы)


        Әлем өзгеруде, әлеммен бірге балалар да, ұстаздар да, тіпті қоғам да өзгеріске түсуде.

        Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беретін жаңа қоғам мектебін қалыптастыру – қазіргі заман талабы. Ол үшін білім беру үрдісі жан-жақты жаңғырып отыруы керек. Қазіргі таңда  кез-келген мектеп басшысының қызметі қарыштап  дамыған қоғамда мұғалімдердің  өз оқушыларын жеке тұлға ретінде қарап, болашақ азаматтарды оқыту мен тәрбиелеу үдерісінде жаңаша бағыт, соны серпілістер мен шығармашылық шабыт беруді, педагогикалық ізденістерді қажет етеді. Қатаң бәсекелестік заманында өзінің білімділігі мен біліктілігін таныта алар дарынды да талапты, жеке тұлға тәрбиелеу міндеті жалпы білім беретін мектептердің білім мазмұны мен оқыту үрдісіндегі тың ойлар мен шешімдердің жүйесіне тіреледі.

         Олай  болса  кез-келген басшы мектепті дамытудың жоспарын іске асырып, жауапкершілік және жұмыс тиімділігін бақылау арқылы қандай істерді іске асыруға алады?

        Қазіргі мектеп басшысы нақты және күрделі жағдайларды қалай талдау керек екендігін, оқушыларды ХХІ ғасырда өмір сүруге  қалай дайындайтындығын, ол үшін мектепте қандай өзгерістер енгізіп, іс-шаралар барысында күтілетін нәтижелерге қалай қол жеткізуге болатындығын үнемі бағалай, бағамдай білуі керек деп ойлаймын.

         Мектеп, балалар мен жасөспірімдердің болашақта  табысты болуын қамтамасыз  ету үшін оқыту мен оқу әдістемелерін жетілдіріп отыруы қажет. Осы негізде Тұңғыш Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жолдауында: «Болашақта өркениетті  дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін-білім»,-деген. Ал мектеп басшысы мұғалімдердің уәжі мен қабілеттеріне ықпал жасай отырып, мектеп үлгірімі мен дамуында басты рөл атқаратындығын ұмытпауы тиіс. Қазақ ағарту ісінің көрнекті өкілі Ы.Алтынсарин: «Қашанда бір істі істегіңіз келсе, ол іске әуелі ақылыңызды, одан соң қолыңызды жұмылдырыңыз, егер де ақылыңыз дұрысталса, көзіңіз көріп, жөнін тауып мақұл көрсе, тіліңіз бен қолыңызға ерік беріңіз», - дейді.

         Мысалы, мен де мектеп басшысы ретінде өз ықпалымды үнемі жүргізу үшін төмендегідей құрылымды іске асырамын.


  •    Оқыту   сапасын бақылау және бағалау.
  •    Мұғалімнің кәсіби дамуын басқару.
  •    Мұғалімдер арасында ынтымақтастық мәдениетін құру.
  •    Мектепті дамытудың стратегиялық бағытын айқындау.

         Қазіргі болып жатқан өзгерістер (білім саласы бойынша) мектептің басым міндеттерімен сәйкес келсе ғана нәтиже бере алады. Бұл мектеп   басшысының іскерлігі мен іс-қимылына байланысты.

         Тез өзгеріп келе жатқан қоғамды мектептің мақсаты мен сол  мақсатқа қол жеткізу жолдарын басшы нақты айқындай білуі керек. Білім саласындағы көптеген өзгерістер болып жатқандықтан, мектеп басшысы мұғалімдер мен оқушыларға аталған өзгерістерді тиімді еңсеруге мүмкіндік беруі тиіс.

         Білім беру мен тәрбиелеу үдерісінде  мен төмендегідей қағидаларды үнемі

қолданамын:

  1. Үнемі байланыста болу.
  2. Сенім білдіру.
  3. Түрлі топтарды үдеріске тарту.
  4. Ынтымақтастықта болу.
  5. Қызықтыру.

Бұл бес қағиданы іске асыруда, қолдануда кедергілер болған жоқ деп айта алмаймын. Болды! Болады да! Өйткені бұл үздіксіз процесс. Мысалы, түрлі топтарды мектептің ішкі саясаты мен шараларына тарту барысында «сенімсіздік», «немқұрайлылық», сынды стериотиптер кездесті. Алайда «сенім білдіру», «ынтымақтастықта болу» қағидалары сенімді серігім бола білді.

        Мектеп басшысы маңызды шешім қабылдауда ұстаздарға  жеткілікті дәрежеде тәуелсіздік те беруі керек. Неге бермеске? Егер  қабылданған шешім оң өзгерістер мен нәтижесін көрсетіп отырса. Мектеп басшысы маңызды шешім қабылдауға және мұғалімдердің құрамын құру мен оны дамытуға  жеткілікті дәрежеде тәуелсіздік беріп, ол оқушыларды оқыту барысының  жақсаруына, оқушылардың үлгерімінің өсуіне әсер етіп жатса, неге қуанбасқа? Осыған орай қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагог Ы.Алтынсарин былай дейді: «Жақсы ой мен жақсы сөз-жақсы істерге жетелейді.» Бұл үрдісті мен қазіргі таңда қолданудамын.

        Мектеп басшысы өз мектебі үшін дұрыс ахуал құра білуі керек. Ынтымақтастық, жақсы жұмыс атмосферасы  жұмыстың жүйеленуіне әкеледі.

Жүйеленген жұмыс нәтижеге  жетелейді. Физикадағы «тізбектік реакциясы» сынды бірінен-бірі туындай отырып, сатылы жұмыстың нәтижелілігіне апарады.

        Мен осы уақытқа дейін әлемнің мықты деген ондаған мектептерінің іс-тәжірибесін зерттедім. Мысалы: «High Tech High» мектебі. АҚШ-ң Сан Диего қаласында орналасқан. Бұл мектептің ерекшелігі: мектеп пен жұртшылық арасындағы байланыс өте жоғары деңгейге қойылған. Мұнда мұғалімдер пәнаралық командаларға бірігіп, оларға академиялық және тәжірибелік жұмысты қамтитын жобаларды дамыту үшін барлық жағдай жасалынған. Түсіндіре кетсек, барлық оқушы әр сала бойынша ғылыми жобалармен айналысады.

Мектеп білімді таратуға арналған орын ғана емес, сонымен қатар жаңа идеяларды сынақтан өткізіп, адамдардың қалай оқитынын тереңірек зерделеу мақсатында оның барлық мүшелеріне, High Tech High мұғалімдері және оқушыларымен бірлесіп жұмыс істейтін білім алушыларға арналған «оқыту мен оқу зертханасы» ретінде дамыды.

Екінші: Бразилиядағы  «Lumiap» мектебі. Мұнда сабақ,бекітілген сабақ кестесі немесе дәстүрлі мұғалімдер жоқ. Оның орнына «педагогикалық штаттың жартысы оқушылардың жетістіктерін бақылай отырып, олардың әрбір семестрде жұмыс істейтін үш немесе төрт жобасын таңдауға көмектесетін кеңесші, тәлімгер және тренер ретінде жұмыс істейді».

         Қызметкерлер адамдармен қарым-қатынас жасау дағдыларын, әлеуметтік және танымдық дағдыларды игере отырып, оқушылардың дамудың барлық негізгі салаларында ілгерілеуіне кепілдік беру үшін «құзыреттіліктер матрицасын» пайдаланады. Мысалдар көп. Біздің де қоғам  өзгеруде.  Білім саласында да заманға қарай өзгерістер жасалуда. Мүмкін мен келтіріп, ұсынып отырған мектептердің іс-тәжірибесі болашақтың еншісінде шығар. Түбінде осындай жағдайларға келеміз деп ойлаймын.

         Зырылдаған заман - күніге өзгеріске түсіп жатқан қоғам. Бұлар қайтымсыз процесстер. Нарықтық экономика жекеменшік мектептердің көбеюіне әкелуде. Мемлекеттік стандарттар бір болғанымен, оқыту мен тәрбиелеудің түрі мен типін таңдап  алу құқығы мектептердің өзіне берілетін күнде алыс емес шығар. Бұлар менің болашақты елестетуім ғана. 

         Қорыта келсем, мектеп басшысының көтеріп жүрген жүгі аз емес. Ол жан-жақты біліммен  қаруланған, креативті, мәдениетті, тез шешім қабылдай алатын, демократ азамат болуы керек деп ойлаймын.

         Өзім айтылғандар бойынша  «ұқсауға» тырысып жүремін. Көптеген мамандықтардың жойылып, жаңа мамандықтардың пайда болып жатқан заманында, сол заман сұранысына орай ілесе жұмыс атқара аламыз ба?  Атқаруымыз керек! Алдымызға келіп, алдымыздан өтетін ертеңгі  қоғам мен мемлекеттің тіректері бүгінгі жас жеткіншектерге қалай білім мен тәрбие беруіміз керек?  Бұл сұрақ әр басшыны ойландырса деймін. Мектеп басшысы, өз мектебіне өзгеріс енгізуді басқарудағы негізгі көшбасшы болуы керек. Өзгеріс, түрлі қарым-қатынасты, міндеттердің орындалуы, жұмыс тәсілдері сынды қатынастардың сатылай жетілуіне әкеледі. Ол үшін басшы да және педагог қызметкерлер де қажетті білім, түсінік және дағдылар қоржындары үнемі толықтырылып отыруы тиіс.

         «Басшы, заманына сай болуы керек». «Басшы, көшбасшы болуы керек». Көшбасшылық (Leadership) қауіп пен жаңашылдықты қабылдай отырып, қуат беріп және басымдылықты белгілеу арқылы ортақ көзқарас дамыту дегенді білдірсе, «басқару» (management) белгісіздікті, сенімсіздікті шектеп, алауыздықты азайтатын, тұрақтылықты нығайтатын, болашақты болжауға мүмкіндік беретін жүйе құру деген сөз. Демек, мектеп басшысының бойында айтылып отырған осы екі қасиет орныққанда ғана, мектебі «табысты мектепке» айналатыны сөзсіз. Менің бойымда аталған қасиеттер бар деп айтуыма болады. Біз келешектің кілтін ұстататын ұстазбыз. Басшы - сол ұстаздардың сүрінбей жүруін бақылайтын, көмектесетін, дамытатын сенімді серігі. Олай болса, заманына сай болу, басқарған мектебінің   табысты болуы тікелей басшының іскерлігі мен құзыретіне байланысты деп білемін.